Қайрат Боранбаевтың бауыры ұсталды

Azerbaijan-handcuff

Қаржы мониторинг агенттігіне (ҚМА) сүйенген Tengrinews-дың жазуынша, Мұрат Боранбаев былтыр 24 желтоқсанда ұсталған. Бірақ ол жөнінде қазір белгілі болып отыр.

Мұрат Боранбаев 2017 жылы Алматыдағы тұрақтардың операторы Alan parking компаниясына жетекшілік еткен. 2022 жылы ақылы тұрақтар қала меншігіне қайтарылып, ҚМА Мұрат Боранбаевқа іздеу жариялаған. Оның нақты қандай бап бойынша күдікке ілінгені белгісіз.

2021 жылы желтоқсанда бұрынғы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевқа тиесілі RR2 компаниясы AlanParking-тің 30% үлесін сатып алған. 2022 жылы AlanParking-тің бас директоры Мұхтар Базарбаев пен "Алматы спецтехпаркинг сервис" директоры Марат Пірінбеков қамалды. Олар ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген.

Сол жылы сәуірде Алматы әкімдігі ақылы тұрақтарды қала меншігіне қайтару туралы қаулы шығарған. Осылайша "Алматы спецтехпаркинг сервис" компаниясының 70% және Alan Parking 100% қала меншігіне қайтарылды.

Бір жылдан кейін сот Марат Пірінбековті – 5 жылға, Мұхтар Базарбаевты 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ол кезде айыпталушылар мемлекетке 436 млн теңге көлемінде шығып келтіргені хабарланған.

Қайрат Боранбаев 2023 жылы наурызда 8 жыл түрмеге кесілді. Сол жылы қыркүйекте апелляциялық сот оның жазасын 6 жылға қысқартты. Оның “мемлекетке келтірген шығынды толтырғаны” хабарланды. Ізінше кәсіпкердің түрме жазасы шектеу жазасына ауыстырып, қамаудан босап шыққан.