Иран мен Израиль бір-бірін тағы соққылады. Сенбіге қараған түні Тель-Авивте атып түсірілген ракетаның бөлшектері тұрғын үйге түсіп, өрт шыққан. Нақты қай аудан екені айтылмайды. Ешкім зардап шекпеген.
Сенбі таңға қарай Израиль де Иранды атқылап, Исфахан, Тегеран және Қом қалаларына шабуыл жасаған. Қом қаласына жасалған шабуылдан екі адам қаза болған, төрт адам жараланған.
Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) палестиналық бөлімшесінің жетекшісі Саид Изади Қом қаласындағы пәтерінде өлтірілді деп мәлімдеді.
Кацтың сөзінше, Изади 7 қазан күнгі “ХАМАС шабуылын қаржыландырып, қару-жарақпен қамтамасыз еткен”.
Иран жағы әзірге бұл жөнінде мәлімдеме таратпады.
BBC-дің жазуынша, Қом провинциясында Иранның қатты қорғалған ядролық нысандарының бірі Фордо жерасты зауыты орналасқан. Ядролық зерттеу кешені орналасқан Исфахан да атқыланған.
Соққы Женевада өткен бірнеше сағатқа созылған нәтижесіз келіссөзден кейін жасалды.
Сенбі күні Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Иран мен Израиль қақтығысын Стамбұлда Араб елдерінің лигасы өкілдерімен талқылайды. Дүйсенбі күні Мәскеуге баруы мүмкін.